Қаспан - Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы ауыл, өзімен аттас ауылдық әкімшілік округ орталығы. Аудан орталығы — Сарыөзек кентінен солтүстік-шығысқа қарай 40 км жерде, Быжы өзенінің жағалауында, Шаған тауының оңтүстік баурайында, жусан, ши аралас бетеге, боз, селеу басым өскен қоңыр, қызғылт қоңыр топырақты тау алдының жонды-белесті келген қуаң жазығында орналасқан. Тұрғыны 0,8 мың адам (2002). 1934-97 ж. сүт өндіретін Ленин кеңшарының орталығы болды. Оның негізінде 1997 ж. Қаспанда және округке қарасты Көксай, Сайлыкөл, Шаған, Мұса ауылында өндірістік кооператив және 13 шаруа қожалығы құрылды. 1 орта мектеп, 1 орталау және 3 бастауыш мектеп, дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшер-акушерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы катынасады. 2011 жылдың көктемінен 2011 жылдың қыркүйегіне дейін автомобиль жолы жөнделінді.